Жырым сен едің

…Мен осы тауға қарап бой түзедім,
Тарихымнан тәлім ап ой түзедім.

Марғуба Мұхтар


Ақын, ҚР педагогикалық академиясының профессоры, «Еңбек даңқы» және «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері Марғуба Мұхтар шығармашылығына арналған «Жырым сен едің» әдеби – сазды жыр кеші өтті.

Кешке фантаст-жазушы С.Исақ, ақын С.Нұрманұлы, журналист Н.Ниязбек бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері мен «Жеңіл өнеркәсіп және сервис» колледжі оқытушылары Е.Сәрсенбаев, А.Кенжебаева және студенттері, №136 мектеп ұстаздары мен оқушылары, «Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру» орталығының шәкірттері қатысты.

Ақынның «Тау қызымын» кітабының желісінде қойылған «Жас қаламгер: жазба жас ақындар» клубы шәкірттерінің әдеби композициясы мен №136 ЖОБМ оқушылары оқуындағы өлеңдер кеш шырайын ашып, оқырмандар талғамынан шықты.

Табиғаттың таңғажайып құбылыстарын алдымен сезінетін де түйсінетін, сол сезімді жеткізуші – ақындар екендігі зиялы қауым өкілдері тілектерімен тұжырымдалса, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншісі К.Сүндетбаева, А.Бекен орындауындағы кеш авторының әндері жүректерге жол тауып, Р.Есенгелдиева, Г.Сапарова орындауындағы халық әндері көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Кеш қорытындысында ақын Марғуба Мұхтар өз өлеңдерін оқып, кітапхана ұжымына ризашылық сезімін жеткізді. Кітапхана басшысы Р..Бабажанқызы ақын шығармаларының тәрбиелік мәніне тоқталып, кеш иесіне сый-сияпат жасады. Өнерлі оқушылар марапатталды.

«Артқа