Оңтүстік Қазақстан облыстық жасөспірімдер кітапханасы – әмбебап профильді кітапхана. Облыстағы 14-29 жас аралығындағы жасөспірімдерге арнайы мамандандырылған қызмет көрсетуге арналған кітапхана. Кітапхана 1978 жылдың тамыз айында облыстық Мәдениет басқармасы бұйрығының және Мәдениет Министрлігінің 23.12.1977 жылғы хатының негізінде ұйымдастырылған. Жастардың талаптары мен тілектерін ескеріп, кітапхананы ашу оларды кітапқа жақындатуға, қарым-қатынас шеңберін кеңейтуге септігін тигізді. Кітапхананың негізгі міндеті жас оқырмандардың әр түрлі талаптарын қанағаттандыратын кітап қорын жинақтау болып табылады. Өзінің даму тарихында кітапхана түрлі өзгерістердің куәсі болды. Бастапқы кезде кітапхана облыстық өлкетану мұражайының бір шағын бөлмесін алып тұрған.
   1979 жылы кітапханаға Пушкин атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ғимаратынан бір бөлме берілді.
   1980 жылы № 3970 ордер бойынша Крегер көшесіндегі бес қабатты № 17 тұрғын үйден жай бөлінді. Кітапханаға бірінші және екінші подъезден 3 бөлмелі екі пәтер және 2 бөлмелі екі пәтер берілді.
   1981 жылы СОКП-ның ХХV съезі ашылған күні облыстық жасөспірімдер кітапханасының салтанатты ашылуы өтті. 19 жыл бойы кітапхана осы мекен-жайда өз қызметін жалғастырды. Осы уақытта кітапхана қала және облыс жастары үшін мәдени, білім, бос уақытты тиімді өткізу орталығына айналып, кеңінен танылды.
   1997 жылы маусым айынан бастап кітапхананың ғимарат мәселесі шиеленісе түсті. Жұмысы тоқтап тұрған «Октябрь» кинотеатрының ғимаратын облыстық жасөспірімдер кітапханасына беруге шешім қабылданды. Облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Октябрь» кинотеатрының қолайсыз ғимаратына көшірілді. Кинотеатр ғимаратын кітапхана қызметіне сай енді ыңғайландырған кезде, бір айдан соң «Октябрь» кинотеатрының 679,6 мың теңге несиелік қарызын өтей алмайтындықтан, облыстық мәдениет басқармасының бұйрығымен кітапхана басқарманың әкімшілік ғимаратының 1-ші қабатына көшірілді.
   1997 жылы тамыз айында облыстық жасөспірімдер кітапханасы Тәуке хан даңғылы, 97 үйде орналасады. Бірақ, мұнымен кітапхананың көшіп-қону машақаты бітпейді. Кенеттен облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық жасөспірімдер кітапханасының ғимараты Оңтүстік Қазақстан облысының Даму Қорына беріледі.
   1998 жылы 8 мамыр күні облыс әкімі Х. Абдуллаев мырза кітапханада болып ғимарат мәселесін шешуге уәде береді.
   1998 жылы 8-ші шілдеде кітапханаға Гоголь көшесі, 21 «А» үйінде орналасқан бұрынғы балалар бақшасының ғимараты берілді Қалалық денсаулық сақтау, білім және мәдениет департаментінің бірінші орынбасары А.Н. Сыдыков мырза кітапхананың мекен-жайын алуға үлкен қолғабыс жасады.
   1998 жылы тамыз айында кітапхана 656,4 шаршы метрлі екі қабатты жайға көшті.
   2003 жылы жастарға патриоттық тәрбие бергені үшін облыстық жасөспірімдер кітапханасына «Халық қаһарманы» Қ. Рысқұлбеков есімі берілді. Бүгінгі таңда облыстық жасөспірімдер кітапханасы жасөспірімдерге – 14 пен 29 жас аралығындағы оқушылар мен жұмысшы жастарға арнайы қызмет көрсететін республикада сақталып қалған 4 арнайы жасөспірімдер кітапханаларының бірі. Ғаламдық ақпараттандыру ғасырында облыстық жасөспірімдер кітапханасы түрлі гранттарды жеңіп алу үшін жобалар жасауға кірісті. Бұл жұмыстар өз нәтижесін берді. 2003 жылдың маусым айында Облыстық жасөспірімдер кітапханасында Интернетті қоғамдық пайдалану пунктін ашу үшін АҚШ-тың Халықаралық Зерттеулер мен Алмасу Кеңесінің (IREX) грантына ие болды. Кітапхана қызметкерлері IATP Серіктестіктерінің Халықаралық конференциясына (2003 ж. 28-31 шілде), Тұрақты Даму бойынша болатын Республикалық семинарға (2004 ж. 5 тамыз, Шымкент қаласында; 2004 ж. 24-25 қыркүйекте, Өскемен қаласында) қатысуға грант жеңіп алды. Үш жыл бойында Орталық тегін Интернетке қосылуды қамтамасыз етті, Дербес Компьютерді қолдануды үйрету үшін тегін тренингтер жүргізді. Облыстық жасөспірімдер кітапханасы осы жоба шеңберінде 2005 жылы 1500 доллар көлемінде грант жеңіп, ол сомаға қосымша екі компьютер, сканер және принтер алды. Осы 2003 жылы ОЖК Сорос-Қазақстан Қорының Шымкент қаласындағы Ресурсты Орталығымен серіктестік туралы келісім-шартқа қол қойды. Сонымен қатар, Санкт-Петербургтің мәдениет және білім қоғамдық қорымен серіктестік туралы келісім-шартқа қол қойды. Қор кітапханаға талапкерлерге арналған оқулық, әдістемелік әдебиеттерді, Санкт-Петербург тарихы мен мәдениеті туралы әдебиеттерді берді. Көптеген мектеп оқушылары Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Бұған ОЖК-ның да септігі тиді. 2007 жылы маусымда кітапхананың Интернет Орталығында Электронды Үкіметті Қоғамдық Пайдалану Пункті ашылды. Кітапханаға келушілердің әлеуметтік мәселелер бойынша түрлі ақпарат алуына, құжаттарды толтыруына, республикалық және жергілікті билік органдарының жұмыс барысымен таныс болып отыруына және т.б. мүмкіндігі бар. Кітапхананың шығармашылық бастамаларын үнемі серіктестері қолдап отырады, олардың ішінде әр түрлі ресми және қоғамдық ұйымдар бар: экология басқармасы, «Қазақ тілі» қоғамы, ұлттық-мәдени орталықтар, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, жастар саясаты жөніндегі департамент, қала әкімшілігінің тілдер жөніндегі департаменті және т.б.
   Бүгінгі таңда ОЖК облыстағы 14 пен 29 жас аралығындағы жасөспірімдерге, олардың тәрбиесімен айналысатын басқа да оқырмандар категорияларына қызмет көрсететін ірі мәдени-ағарту, білім беру, ақпараттық орталық болып табылады.


Жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімі





   Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі – кітапханадағы ең ірі бөлім. Бөлімнің құрылымы келесідей: абонемент, оқу залы, мерзімді басылымдар залы және мәдени-көпшілік жұмыс секциясы. Бөлім қызметкерлері оқырмандардың кітапқа деген сұранысын, қажеттілігін, қызығушылығын қамтамасыз етеді және жасөспірім оқырманмен жеке жұмыс жүргізеді.

   Қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Бексеитова Ұ.Ы.





Абонемент

   Сапалы және жылдам қызмет көрсету – ОЖК-ның табысты жұмысының кепілдігі. Оқырмандарға қызмет көрсету ашық қор принципіне негізделген. Бөлім қоры – әмбебап, барлық білім саласындағы әдебиеттерді қамтиды, соның ішінде оқулық және арнаулы әдебиеттер. Қордың көп бөлігін көркем әдебиет құрайды: қазақ, орыс, шетел классикасы, қазіргі заман авторларының шығармалары. Бөлімнің қоры 41 мыңнан аса кітап, брошюра, журналдарды құрайды.
   Ашық қорда көркем әдебиеттің көп бөлігі қойылған, сонымен қатар, әр түрлі білім саласы бойынша ғылыми-көпшілік әдебиеттер қамтылған. Туған өлке туралы әдебиеттер мен тақырыптық стеллаждар қойылған. «Сіздерге, кітапсүйер оқырман!» тақырыптық көрмесі келесідей бөлімдерден тұрады: «Мәңгі ескі жаңа классика», «Детектив және фантастика шеруі», «Баспалардың жаңа айдары», «Кітаптар – экран бетінде». Бұл жерден өз беттерінше кітаптарды «ақтарып» көруге және қажетті кітаптарды алуға болады. Абонемент залы көркем әдебиет бестселлерін ұсынады, реферат жазуға және емтиханға дайындалуға кеңес береді. Өзекті мәселелер бойынша үнемі кітап көрмелері қойылып отырады және «Күнтізбек бетін ашқанда» атты тұрақты стенд ұйымдастырылған.
   Абонементке күнделікті орташа есеппен 170-200 оқырман келеді. Олар көбінесе жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен қала мектептерінің оқушылары. Абонемент бөлімі Шымкент қаласындағы кемтарларға арналған арнаулы кәсіби мектебінде ашық кітапхана пунктін үйымдастырды.

   Абонемент бөлім меңгерушісі Аширова А.С.


Оқу залы

   Оқу залында 42 мыңнан аса басылымдар бар, соның ішінде: энциклопедиялар, сөздіктер, анықтамалар, әртүрлі сериядағы кітаптар, құқық, саясаттану, экономика, менеджмент, жантану, тарих, әдебиет және басқа да пәндер бойынша оқулықтар мен оқу құралдары бар. Оқу залында үнемі өзекті тақырыптарға кітап көрмелері ұйымдастырылады, студенттерге курс, сондай-ақ көптеген тақырыптарда іс-шаралар өтеді.
   Оқу залы оқу бағдарламасы бойынша және бос уақытта оқуға арналған әдебиеттерді ұсынады.
   Жасөспірім оқырмандардың білімін жетілдірудегі, іскерлік оқуындағы, оны одан әрі дамытудағы сұраныстарын қанағаттандыру – бөлімнің негізгі міндеті. Оқу залында үнемі өзекті тақырыптарға кітап көрмелері ұйымдастырылады, студенттердің курстық және дипломдық жұмыстарына білікті көмек беріледі.







Мерзімді басылымдар секторы

   Мерзімді басылымдардың оқу залы кітапханадағы танымал залдардың бірі. Жыл сайын оқу залы оқырмандардың сұранысын ескере отырып, 184-нан аса газет және журналдар алады. Келушілер еркін пайдалану үшін оқу залында қоғамдық-саяси, әдеби-көркем, ғылыми-көпшілік, арнаулы мерзімдік басылымдардың жаңа нөмірлері қойылған. Бөлім қорында соңғы 5 жылдың мерзімді басылымдары сақталады.    Бөлім қорда бар мерзімді басылымдарды насихаттау мақсатында БАҚ (радио, телевидение,баспа) арқылы ақпараттық шолулар жасайды, көпшілік шаралар өткізеді.

   Бөлімнің жинақ қоры:

Бөлімнің қорында екі тілде 20770 дана газет пен журнал бар, оның ішінде:

  • газет – 3887 дана;
  • журналдар – 16883 дана.

   Сектор меңгерушісі Төлтебаева Ж.А.




Құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтар ұйымдастыру

   Кітапхана кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінен бастау алады. Бөлімнің міндеті кітапхана профиліне сай кітап қорын қалыптастыру, құжаттарды ұйымдастыру мен аналитикалық өңдеу және анықтамалық аппаратта мезгілінде көрсету болып табылады. Бұл бөлім баспаханалармен, кітап сататын ұйымдармен тікелей келісім-шартқа отырады, прайс-парақтар, баспаханалардың каталогын (соның ішінде электронды) жасайды.
   Түрлі басылымдарды алады: кітаптар, газеттер, журналдар, ноталар, альбомдар, аудио- және видеотаспалар, сонымен қатар, әр түрлі тасымал құралдарындағы ақпараттық өнімдер: музыкалық және мультимедиялық компакт-дискілер. Электрондық басылымдар қоры қалыптасуда. Кітапхана қорына құжаттарды іріктеуде кітапхананың жасөспірімдерге арналғандығы міндетті түрде ескеріледі.
   Негізгі басымдылық білім беретін құжаттарға, ғылыми-көпшілік басылымдарға, классикалық және қазіргі кездегі көркем әдебиетке берілген. Бөлімнің міндеті тек қана кітапхана қорын толықтыру емес, құжаттарды кітапханалық өңдеуден өткізу де кіреді. Бөлім қызметкерлері кітапханаға келіп түскен басылымдардың жеке тізімін жасайды, оларды қызметтік және оқырман каталогтарына тіркейді: алфавиттік, жүйелік және т.б. Жұмыс процесінің көпшілігі автоматты режимде жүзеге асырылады.

   Бөлім меңгерушісі Бөгенбаева З.О.