20 ақпан 2019

Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы-драматург Захардин Қыстаубайұлының «Жүректің сөзі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

«Рухани жаңғыру» сериясымен, арнайы жоба бойынша шығарылған кітаптың тұсаукесерін Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Еркінбек Тұрысов пен Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек ашып, тұсауы кесілген кітаптың рухани өмірі мен тәрбиелік ғұмыры ұзақ болсын деп батасын берді.

Кешке ақын-жазушылар Нармахан Бегалыұлы, Момбек Әдбіәкімұлы, Нұрғали Қадыров, Құрал Көмек, ОҚМПУ доценті, т.ғ.к. Қайрат Анарбаев, журналистер Қабыл Дүйсенби, Үмітхан Алтаева, Уәлихан Қожақ, Базаркүл Қалбыр, Аида Асанәлі қатысып, қаламгердің шығармашылығы туралы ой өрбітті, лебіздерін білдірді.

Кеш Захардин Қыстаубайұлы тәржімалаған Ахмет Байтұрсыновтың ғасыр бұрын жазылған «МЕН ҚАЗАҚПЫН» өлеңімен басталды. Жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы оқырман қауым бейнероликтен ақпарат алды. Бүгінгі әдебиет майталмандары қатысқан бұл шараның басты мақсаты – жастарға Захардин Қыстаубайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау. Осы мақсатта кітапхананың белсенді оқырмандары (Балабек Азамат, Назарова Айқыз, Қарсыбаев Барыс, Әлібай Жұмагүл, Байзақов Бақдәулет) Захардин Қыстаубайұлының шынайы, терең тебіреніспен, жаңа серпінмен жазылған кітабы туралы ой-пікірлерін білдіріп, «Айтбай –Мария» драмасынан әдеби қойылым, «Мен қазақпын» өлеңінен әдеби композиция ұсынды.

Кітаптың авторы Захардин Қыстаубаев оқырмандармен сұхбаттасты, іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Момбек Әбдәкімұлы, кештің кейіпкері Захардин Қыстаубайұлын «Үздік шығарма үшін» медалімен марапаттады.

Кітапхана директоры Зәкира Сембекқызы кеш қонағына ыстық лебізін білдіріп, сый-сияпат көрсетті.