Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні» атты әдеби-сазды кеш Шымкент қаласы №6506 әскери бөлімінің сарбаздарымен өтті.

Ұлы Абай «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Әннің тәтті оралған мәні оятар» – дегендей, кітапханашы Таңшолпан Имантаева әдеби-сазды кештің шымылдығын «Сегізаяқ» әнімен ашты. Әскери бөлімнің кітапхана қызметкері Нұргүл Баятанова «Абай дана, Абай дара қазақта» тақырыбында баяндама жасап, бейнеролик арқылы ақынның туған жері, өскен ортасы туралы әңгімеледі.

Тараздық сарбаз Елеусінов Сағындық Ұлы ақын жайында әсерлі ойымен бөлісіп, ұлтымызды, әдебиетті Абай арқылы сүйетіндігін тілге тиек етті. Ал Қарағандыдан келген сарбаз Ошан Дінмұхамбет М.Әуезовтың «Абай жолы» романының мазмұнын қысқаша баяндап, поэзияны серік еткен жас сарбаздар ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. «Желсіз түнде жарық ай». «Көзімнің қарасы» т.б. әндерін қатардағы сарбаздар бірге орындап, әдеби кештің көңілді ырғақта өтуіне атсалысты. Әдеби викторина ойнатылып, Абай мұрасын насихаттауға арналған кеш сарбаздардың танымдық көкжиегін кеңейтіп дара да, дана ақынның шығармаларын оқуға деген құштарлығын оятып, жүректеріне қозғау салды. Көркемделген кітап көрмесінен даналық тағылымға бай мұрасымен танысып, мол ақпаратқа қанықты.

«Артқа