Алтын әліппе

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, журналист-жазушы Тұңғышбай Төрегелдиевтің «Алтын әліппе» атты алғашқы кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Ақын, Константин Симонов атындағы Халықаралық әдеби сыйлығының иегері Нармахан Бегалыұлы мен Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы-драматург Захардин Қыстаубайұлы кітаптың тұсауын кесіп, алдағы уақытта да келесі кітаптың жазылып, жарық көруіне тілектерін білдірді. Кеш қонақтары Қазақстан Жазушылар Одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Шойбек Орынбай, фантаст-жазушы Сарманбай Исақ, тілші Слам Нұрмаханбетов, «Шұғыла» газетінің редакторы Базаркүл Қалбыр, «Айғақ» газетінің тілшісі Шахаризада Дәнеева, филолог Жадыра Оразалиева жаңа кітаптың тұсаукесерімен Тұңғышбай Төрегелдиевті құттықтап, шығармашылық шабыт пен биік жетістіктер тіледі.

Кештің басты кейіпкері Т.Төрегелдиев алғашқы кітабы, шығармашылығы туралы әңгіме өрбітті.

Көрермендер «Прозасынан ақ өлеңнің лебі ескен жазушы», «Жарқын жазушы» атты бейнеролик, «Нәзік гүл» әңгімесінен «Өмір. Мен. Ол.» атты әдеби-композиция, «Қыз – қызғалдақ» әңгімесінен сахналық көрініс тамашалады, кітап туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Кітапхана директоры Закира Парымбекова Тұңғышбай ағамызға қаламыңыз шыңдала берсін деген шынайы ізгі тілектерін білдірді.

«Артқа