Тұғыры биік – Ұлы тұлға

Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ақын, ғалым – Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Тұғыры биік – Ұлы тұлға» атты еске алу кеші Шымкент қалалық А.Асқаров атындағы дендросаябағында өтті. Кеш шымылдығы «Нұрсәт» өнер мектебінің директоры Болат Әжібаевтің орындауында А.Асқаровтың қиын-қыстау кезде жазған «Қара нан» термесімен ашылды. Тарих ғылымдарының кандидаты Жанар Белгібай өзінің қоғам қайраткері туралы баяндамасымен Асқаров бейнесін, жұмбақ тұстарын ашып берді. Кеш қонақтары ақын Кендебай Ахат, журналист Әбдісаттар Әліп, Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының полиция подполковнигі А.Маймақов т.б партия комитетінің хатшысы туралы әдемі естеліктерімен бөлісті. А.Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейінің оқушылары А.Асқаровқа «Арнау» өлеңдерін арнаса, М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің студенттері «Асанбай аға» тақырыбында әдеби-композициясын ұсынды. «Нұрсәт» өнер мектебінің оқушылары А.Сұңқар тематикалық әндерін, ҚР-ның мәдениет қайраткері А.Оспанов «Ауылым шаттық мекені» әнін тарту етті.